Интернет алаяқтары әлеуметтік желі арқылы шетелге туристік жолдама сатып жатыр

Келтірілген шығынның сомасы 90 мыңнан 360 мыңға дейін барады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Петропавлда шетелге туристік жолдаманы ресімдеумен байланысты интернет алаяқтықтың үш фактісі тіркелді.
Қала тұрғындары әлеуметтік желі аккаунттарында жарнаманы көргеннен кейін туристік жолдамаға тапсырыс берген.
Мобильді қосымшаның "аударым" сервисі арқылы жолдамаға алдын ала төлем жіберіп, фирма менеджерімен WhatsApp мессенджері арқылы хат жазысқан. Ақша сәтті аударылғаннан кейін менеджер WhatsApp-тағы клиенттерді бұғаттап, телефон қоңырауларына жауап бермей бірден байланысқа шығуды тоқтатқан.
Келтірілген шығынның сомасы әр түрлі – 90 мыңнан 360 мыңға дейін.
"Қазіргі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуде", - дейді тәртіп сақшылары.
Полицейлер азаматтардан ақшаны бейтаныс адамдарға жібермеуді, фирмалар мен интернет дүкендердің көрсететін қызметтерін мұқият зерттеуді; түсініктерді, пікірлерді оқуды және содан кейін ғана қаржы операциясын жасауды сұрайды.
Алданған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет, деп хабарлады Polisia.kz.