НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. ШҚО-да әкесіне ренжіген 4 жасар бала үйінен кетіп қалды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
9 маусымда Алтай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімінің "102" телефонына қала тұрғыны хабарласып, Жеңіс саябағында кішкентай бала ата-анасыз жүргенін хабарлаған. Ювеналдық полиция тобының қызметкерлері саябаққа барып, мән-жайды анықтауға кіріскен.
Баламен әңгіме барысында аты мен жасын ғана білу мүмкін болған.
"Бала мазасызданып, абдырап тұрды. Полиция майоры оны тыныштандырып, анасы үй шаруасымен айналысып жүрген кезде қашып кеткенін білді. Ол батутқа апармаған әкесіне ренжіп қалған", - делінген ақпаратта.
Баланың өзімен бірге кішкентай сөмкесі болған. Онда әкесінің жеке куәлігі мен ұялы телефоны жатқан. Соның арқасында ата-анасы мен мекен жайы анықталған.
Полицейлер бірнеше минуттан кейін баланы ата-анасымен қауыштырды.
"Баланың анасы көзіне жас алып ұлының аман-есен оралуына көмектескені үшін тәртіп сақшыларына алғысын білдірді", - делінген хабарламада.
Полиция департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.