НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. "Astana" велокомандасы спортшыларға арналған автобусты көрсетті. Велошабандоздар оны "Титаник" деп атайды.
Автобуста спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Бүйірінде бірнеше кір жуатын машина және киім кептіретін аппарат, үстінде күннің көзінен қорғайтын тент орнатылған. Оны да пультпен ске қосады. Ал салонның ішінде тоңазытқыш, микротолқынды пеш, кофемашина, тамақ пісіретін плита, душ пен дәретхана бар. Спортшылар ыңғайлы креслода жатып, дем ала алады.
Велокоманданың баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, MAN маркалы автобус осыдан 13 жыл бұрын сатып алынған. 2009 жылдан бері споршыларды тасымалдайды.
"Бұл кәдімгідей доңғалағы бар үй ғой. Спортшылар онымен стартқа шыққанға дейін жүреді. Сосын фиништен кейін демалады. Мәселен, старттың алдында барлық велошабандоз автобуста киім ауыстырады. Сол жерде жарыстың мақсаты мен тактикасы талқыланады. Ал фиништен кейін қайтадан автобусқа келіп, душға түседі, тамақ ішеді, күш жинайды. Одан кейін қонақ үйге барып, жақсылап тұрып демалады", - дейді команданың баспасөз хатшысы Дина Ибраева.
Автобуста жанар-жағармайға арналған екі бак бар. Екеуін толтырып, 1000-1200 шақырым жүруге болады. Ал кофе, су, спорттық тамақ, зәйтүн майы, макарон және тағы басқа азық-түлікті демеушілер тегін жеткізіп отырады.