НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым - Sputnik. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов қаңғыбас ит талап тастаған 12 жастағы баланың өліміне байланысты жауапкершілік сезінетінін мәлімдеді, деп жазады "Мой город" порталы.
Еске сала кетсек, 9 маусымда құрылыс алаңында көптеген жарасы бар баланың денесі табылды.
"Екінші наурызда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қабылданды. Ол күшіне енуі үшін иттер мен мысықтарды ұстау туралы заңға қосымша актілер қажет. Олар тіркеуден өтті, бірақ 60 күннен кейін, яғни 18 шілдеден соң күшіне енеді. Содан кейін қаражат бөліп, ауланған иттерді бағумен айналысқысы келетіндер арасында конкурс өткізу керек", - деп түсіндірді Жақсығали Иманқұлов.
Шенеунік журналистердің "болған оқиға үшін жауапкершілікті сезінесіз бе?" деген сұрағына Иманқұлов "иә" деп жауап берді. Өйткені өзі осы бағытқа жауапты екенін атап өтті.
Егер жұмысын орындай алмады дейтін болса, отставкаға кетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетері, 25 мамырдан 10 маусымға дейін Ақтөбеде 274 ит жойылған.