НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев күзде президент сайлауы өтетіні туралы қауесетті жоққа шығарды.
"Оның барлығы – қауесет. Негізі жоқ әңгіме деп ойлаймын. Біздің қазіргі мақсатымыз – саяси реформаларды жалғастыру. Конституцияға енгізілген өзгерісті әрі қарай іске асырмасақ, ештеңе өзгермейді. Біз заңдарды қабылдап, жүзеге асыруымыз керек", - деді Әшімбаев журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда жоғары палата төрағасы партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейту мәселесін ерекше атап өтті.
"Жаңа адамдар келуі керек. Оларды халық қолдаса, мәслихатқа, мәжіліске өтуі керек. Сенатқа келуі қажет. Сондықтан алдымызда жұмыс көп", - деп атап өтті Әшімбаев.
Сенат басшысы парламент сайлауы да заңмен бекітілген мерзімде өтетінін жеткізді.