Халық банкі сатыла ма – Әбілқасымова өз ойын айтты

Ел арасында референдумнан кейін Халық банкі сатылуы мүмкін деген ақпарат тарап кетті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Халық банкін сатуға ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенат отырысынан кейін журналистер агенттік төрағасынан халық арасында тараған әңгіме туралы сұрады. Соның бірі - референдумнан кейін Халық банкі сатылуы мүмкін деген ақпарат.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, еліміздегі ірі қаржы инситутын сатуға ешқандай негіз жоқ.
"Біздің қаржы жүйемізде Халық банкі ең тұрақты банк болып саналады. Корпоративті басқару жағынан да үздік қаржы ұйымы ретінде танылған. Активтер бойынша бірінші орында тұр. Сондықтан оның тұрақтылығына қатысты ешқандай мәселе жоқ", - деді Әбілқасымова.
Агенттік төрағасы банк жүйесінің тұрақтылығын барынша қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар атқарылып жатқанын да ерекше атап өтті. Негізгі мақсат – халықтың салымдарын қорғау.
Осыған байланысты банктерге нақты талап қойылады. Соның ішінде қажетті ақшаны болуы және кредиттердің көлеміне қатысты міндеттер бар.
"Халық банкін сатуға ешқандай негіз жоқ. Бұл – абсолютті тұрақты банк", - деп атап өтті Әбілқасымова.