НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Сенатта жергілікті мемлекеттік басқару және тағы басқа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Алматы қаласы бойынша бірқатар өзгеріс бар. Атап айтқанда, қала құрылысы кеңесін енгізу және қаланың дизайн-кодын қабылдау ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, қалада бейнебақылау жүйесін кеңейту, әсіресе, адам көп жиналатын жерлерде бейнекамералар орнату ережесі бекітіледі.
"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін меншік иелерінің келісімімен адам көп жиналатын жерлерде бейнекамералар орнату және бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын бекіту ұсынылды. Бұл мегаполис аумағын бейнемониторингпен барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Өскенбаев сенаттың жалпы отырысында.
Сондай-ақ, бүгінде Алматының экологиялық мәселесі де өзекті болып тұр. Осыған байланысты қоршаған ортаны шамадан тыс ластайтын көлікті экологиялық бекеттерде тексеру және ауаға шығаратын газын өлшеу тәртібін бекіту ұсынылып отыр.
Сенаторлар заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылымға дайындау үшін құжат тиісті комитетке жіберілді.