НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Бүгін президенттің үш облысты құру туралы жарлық заңды күшіне енді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
4 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік-аумақтық құрылысқа өзгеріс енгізіп, үш облыстық құру туралы жарлыққа қойған болатын. 8 маусымда осы құжат қолданысқа енгізіледі.
Жаңа облыстар
Оған сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы құрылады.
Жетісу облысына бұған дейін Алматы облысының құрамында болған Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары кіреді. Әкімшілік орталығы - Талдықорған қаласы.
Ал Ұлытау облысына Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары енді. Жаңа облыстық орталығы Жезқазған қаласында болады.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшіріледі. Ал Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасатын Самар ауданы құрылады.
Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына ауыстырылады.