НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Әсел Беглинова есімді отандасымыздың стартап жобасын Канададағы Google for Startups акселераторы үздік деп таныды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
"Қазақстандық Әсел Беглинова Канадада кәсіпкерлерге көмектесетін сервис ойлап тапты. Оның стартабы Канада мен Америка Құрама Штаттарындағы жүздеген компания арасында топ жарып, үздік атанды", - деп жазды Мусин әлеуметтік желіде.
Ол Google for Startups акселераторы Қазақстанда, атап айтқанда Astana Hub-та да бар екенін атап өтті. Оның құрылтайшылары Орталық Азияның барлық елі, Моңғолия және Әзербайжан арасында таңдау жасап, Қазақстанды өңірлік серіктес ретінде таңдаған.
"Яғни, Astana Hub және Google for Startups ұсынған Silkway акселерациялық бағдарламасына Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдерінен Product/market fit сатысында стартап-компаниялар қатыса алады", - деп түсіндірді ол.
Іріктеу нәтижелері бойынша 15 үздік жоба Нұр-Сұлтан қаласында өтетін және 3 айға созылатын акселерацияға тегін қатыса алады.
Стартапын жаңартқысы және одан әрі дамытқысы келетіндер 12 маусымға дейін тіркеліп үлгеру керек.
Қосымша ақпарат мына сілтемеде.