Қазақстанның Беларусьтегі мәдениет күндері өтеді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Биыл шілдеде Қазақстанның Беларусь Республикасындағы мәдениет күндері өтеді. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Беларусь үкімет басшысының бірінші орынбасары Николай Снопковпен кездесуі кезінде белгілі болды.
Смайылов пен Снопков Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысы өткен Нұр-Сұлтан қаласында кездесті, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов Қазақстанның Беларусь мемлекетімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде өзара сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға баса назар аударатынын атап өтті.
"Екіжақты тауар айналымын ұлғайту және екі ел арасындағы сауда-экономикалық кооперацияны дамыту үшін барлық мүмкіндік бар деп санаймын", — деді ол.
Қазақстан үкіметі басшысының айтуынша, бүгінгі таңда өнеркәсіптік кооперация саласында Беларусь тарапымен бірлесіп, жалпы сомасы 100 миллион доллар болатын 7 жоба жүзеге асырылды. 14 миллион долларға тағы 2 жоба қолға алынды, сондай-ақ жаңа жобалар пысықталып жатыр.
Ал Николай Снопков Беларусь Республикасының Қазақстанмен барлық бағытта өзара тиімді қатынастарды кешенді дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
"Біз – уақыт сынынан өткен серіктестерміз, сондықтан біздің міндетіміз – барлық салада ынтымақтастықты арттыру және тереңдету. Оның негізі өндірістік кооперация және елдер арасындағы әртүрлі бизнес байланыстарды нығайту", — деді Беларусь Республикасының бірінші вице-премьері.
Кездесу барысында тараптар құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ 2022 жылғы шілдеде Витебскіде "Славян базары" халықаралық өнер фестивалі аясында Қазақстанның Беларусь Республикасындағы мәдениет күндерін өткізу мәселелерін талқылады.