НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Павлодар қаласында 25 жасында адам өлтірген қылмыскер Ресей Федерациясында ұсталды.
40 жасқа келген ер адамды Қазақстанға экстрадициялау шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция депаратментіне сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2007 жылы Павлодар қаласында Исиналиев көшесіндегі түнгі клубта оқ атылды. Оқиға орнында бір ер адам қайтыс болды. Ал қылмыскер қашып кетті. Полицейлер оны біраз уақыт таба алмады. Бірақ іздестіру жұмыстарын тоқтатқан жоқ.
Сөйтсе, 25 жастағы жігіт көрші Ресейге қашып, аты-жөнін өзгерткен.
"Ол Ресей Федерациясында өзінің жеке деректері - тегі, аты және әкесінің атын толығымен өзгерткен. Соған қарамастан, қолға түсті", - дейді полицейлер.
Павлодардың тәртіп сақшылары Барнаул қаласындағы әріптестерімен бірлесе, адам өлтіргені үшін іздеуде болған қылмыскерді ұстады.
Қазіргі кезде оны Барнаул қаласының уақытша ұстау изоляторына қамап қойды. Қазақстанға экстрадициялау шаралары басталды.