Елорда тынысы

Мәдениет және спорт нысандары қаңтарылып бос тұрмауы керек – елорда әкімі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Мәдениет және спорт нысандары қаңтарылып бос тұрмауы тиіс, деп жазды әлеуметтік желіде елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, осыған дейін кейбір нысандар концерт, форум немесе түрлі мәдени қойылымдар өтетін күндері ғана жұмыс істейтін. Бірақ бұл нысандар ең алдымен қала тұрғындарының, әсіресе балалар мен жастардың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Осылайша қалалық әкімдік мәдени және спорт ғимараттарымыздың есігін айқара ашуды жалғастырып жатыр.
"Мәселен кездесулердің бірінде көркем гимнастиканың жаттықтырушылары мен спортшылары бөлме мәселесін көтерді – бұл спорт түрімен айналысу үшін бөлмелердің биіктігі нақты бір параметрлерге сай келуі қажет. Мұндай арнайы орындар қаламызда жоқ болатын. Осыған байланысты спортшыларымыздың Тәуелсіздік сарайында жаттығуына мүмкіндік жасадық. Бұл ғимаратта емін-еркін жаттығуына бөлменің биіктігі сай келеді. Осылайша қажетті жағдай жасау арқылы көркем гимнастиканың дамуына қосымша дем бердік. Ал сапалы жағдай спортшыларымыздың сапалы дайындалуына мүмкіндік береді", - деп жазды ол.
Тәуелсіздік сарайында мамыр айында көркем гимнастикадан ҚР чемпионаты өтті. Жарысқа 500-ден астам спортшы қатысты.
"Спортшылармен, олардың жетекшілерімен кездесіп, көркем гимнастиканың ары қарай да дамуын талқыладық", - дейді әкім.
Тәуелсіздік сарайында дзюдо, халық биі, шахмат, үстел теннисі секілді түрлі секциялар бар.
"Сол сияқты өзге де спорт нысандарында жаттығулар өткізу үшін қосымша сағаттар бөлінеді. Бұдан бөлек "Астана Арена" стадионының базасында жекпе-жек спорт түрлеріне арналған зал ашылды; спортшылар мен қала тұрғындарының өтініші негізінде үрлемелі футбол корты (Алматы ауданында) жөнделді, "Толқын" спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізілді. "Қазақстан" спорт кешенінде ауқымды жаңғырту, "Жастар" сарайын қайта жаңарту секілді өзге де жұмыстар жүзеге асып жатыр", - дейді Көлгінов.
Әкім мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне қолдау көрсету, бұқаралық спортпен айналысуы үшін жағдай жасау мәселесіне ерекше назарда ұстайтынын атап өтті.