Қазақстанда киік атуға рұқсат берілуі мүмкін

Құжат 21 маусымға дейін "Ашық НҚА" сайтында жария талқылауға шығарылған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құжат жобасына сәйкес, жануарлар дүниесін арнайы пайдаланудың келесі түрлеріне рұқсат беріледі деген тарау "киіктердің дериваттарын жинау" тармақшасымен толықтырылады.
"Аң аулауға, кәсіпшілік аулауға, әуесқойлық аулауға, ғылыми-зерттеу үшін аулауға, мелиорациялық аулауға, өсімін молайту мақсатында аулауға, жануарларды ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелік, эстетикалық мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ эпизоотияны болғызбау мақсатында жануарлар түрлерін пайдалануға, өсімін молайту мақсатында киіктердің дериваттарын жинауға рұқсат беріледі", - делінген құжатта.
Мемлекеттік қызметтерді:
екі және одан да көп облыстың аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында жануарларды алып қоюдың, киіктер дериваттарын жинаудың белгіленген лимиттері мен квоталары шегінде ғылыми-зерттеу үшін аулауды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар;
екі және одан да көп облыстарда орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау мақсатында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ведомство;
киіктердің дериваттарын жинау мақсатында орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ведомствосы көрсетеді.
Киіктердің дериваттарын жинауға рұқсат беру кезінде ЭЦҚ-мен куәландырылған "жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беруге" өтінім ресімделеді. Өтінім электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы арнайы бекітілген нысан бойынша электрондық түрде жіберіледі.
Құжат 21 маусымға дейін "Ашық НҚА" сайтында жария талқылауға шығарылған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы киіктердің саны 1 миллион 318 мыңға дейін өскені хабарланған еді. Батыс Қазақстан облысындағы киік популяциясы 800 мың басқа жетті. Әлемдегі киіктің 95%-і Қазақстанда болса, оның 65%-і Батыс Қазақстанда.