Шекарада ПТР-тест пен вакцинация паспорты талап етілмейді – үкімет

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. 8 маусымнан бастап Қазақстанға кіргенде вакциналау құжаты немесе ПТР-тестің теріс нәтижесі талап етілмейді. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия осындай шешімге келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Осыған байланысты бұрынғы шектеулерді алып тастауға шешім қабылданды.
Бұған дейін Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер сырттан кіргенде ревакцинация немесе COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын (COVID-19-ға қарсы вакциналау туралы паспортты/сертификатты/анықтаманы) құжатпен растау немесе ПТР-тест нәтижесін көрсету талабы болған. 8 маусымнан бастап ешқандай құжат көрсетудің қажеті жоқ.
Бұдан бөлек, республиканың жеті өңірінде мемлекеттік шекараның 12 автомобиль өткізу бекеті уақытша жабылған болатын. Ертеңнен бастап барлығы ашылады.