Мемлекеттік мекеменің лауазымды тұлғалары адам саудасымен айналысты деген күдікке ілінді

Мемлекет қамқорлығындағы әйел Нұр-Сұлтандағы қарттар пансионатында жұмыс істеуге мәжбүр болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет адам саудасы фактісі бойынша "Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
"Олар облыстағы әлеуметтік мекемелердің бірінде мемлекет қамқорлығында болған әрекетке қабілетсіз азамат М.-ны Нұр-Сұлтан қаласындағы қарттарға арналған жеке пансионатта тегін жұмыс күші ретінде пайдалануға жіберді деген күдікке ілінді", - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Күдіктілердің бірі сот санкциясымен үйқамаққа алынды.
Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтерді жарияламады.