АЛМАТЫ, 7 маусым – Sputnik. Елордалық полиция қызметкерлері 4-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның "102" арнасына Шонанұлы көшесі бойында әйел 4-қабаттан секіруге ниеттеніп жатқаны туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің "Байқоңыр" аудандық полиция басқармасының қызметкері, полиция майоры Нұрбол Айдар мен полиция лейтенанты Нұрсұлтан Қалдыбаев, сондай-ақ шұғыл қызметтер дереу келді.
"Оқиға орнына келгенімізде 4-қабатта аяғын салбыратып отырған әйелді байқадық. Ол төмендегі адамдарға секіремін деп айғайлап жатты. Бір қадам жасаса, қайғылы оқиға орын алар еді. Өмірін санаулы секундтар шешті. Мен тез подъездге жүгіріп кірдім. Әріптесім болса жағдайды бақылап, әйелді сөзге айналдырып тұрды. 4-қабатқа көтерілген соң, есікті қаға бастадым, содан есік ашылып, бөлмеге кірдім. Жағдайды бақылаған соң асықпай әйелге қарай жақындадым. Ақырын арқасынан ұстап алып ішке қарай кіргіздім", – дейді Нұрбол Айдар.
Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында әйел " Байқоңыр" ауданының ПБ-не жеткізілді. Оған психологиялық көмек көрсетілді. Оқиға болған кезде оның мас күйінде болғандығы анықталды.
Қазіргі уақытта 39 жастағы әйелді осындай әрекетке не итермелегенін анықталып жатыр.
Полицейлердің өздері болса қызмет етуді жалғастыратындарын және бұл әрекеттерін ерлік санамайтындарын жеткізді.