Демалыс сәтті өтсін десеңіз – мамандар кеңесі

Мамандар табиғат аясында демалу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы айтты
Sputnik
АЛМАТЫ, Sputnik – 7 маусым. Жаз – балалар үшін сауық-сайран мен жайбарақаттық кезең. Көпшілігі жиналып, суға, тауға, табиғат аясына демалысқа шығады. Осы орайда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған абзал. Себебі демалыс кезінде түрлі қауіп-қатерлер болуы мүмкін.
Егер өрт пайда болған жағдайда қалай әрекет етіп, өзін-өзі ұстау керек? Табиғат аясындағы, судағы қауіпсіздік шаралары қандай? Осы жайлы мамандар жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Балалар қауіпсіздігі жөніндегі жаттықтырушы Максим Скрипниченко ең әуелі балаларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйреткен абзал дейді. Айтуынша, мейлі лагерь болсын, суға түсу немесе таудағы демалыс орны болсын өзін-өзі қалай ұстау керегін білгені дұрыс.
"Бірінші кезекте – судағы қауіпсіздік. Егер балалар лагерьде демалысын өткізетін болса, алдымен олардың жаттықтырушының қадағалауында болуын қадағалап, тереңдігі 1,5 метрден аспайтын жерде ғана шомылуға рұқсат береміз. Суға шомылатын орынның ағынсыз, ойық-шұңқырсыз болуын тексереміз. Алдын ала сауалнама толтыртамыз. Ата-аналар баласының суға жүзу деңгейін көрсетеді", – дейді жаттықтырушы.

ЖЫЛАНДЫ АШУЛАНДЫРМАУ КЕРЕК

Максим Скрипниченко табиғат аясына шыққанда жыланды көргенде, оны ашуландырмау керек екенін ескертеді. Жыланға тиісіп, тас лақтыруға болмайды. Бұл өрмекші, кесірткеге де қатысты. Себебі олар жайдан-жай тиіспейді екен. Одан бөлек білместіктен немесе абайсызда жылан шаққан жағдайда не істеу қажеттігін жеткізді.
"Қазіргі уақытта демалыс кезінде улы жыланды кездестіруіңіз екіталай. Ең улы дегені – сарыбас жылан мен сұр жылан. Сол себепті улы емес жылан шаққаннан кейін өркешті жара, ал улы жыланнан кейін екі домалақ жара пайда болады. Жылан шаққан жердің төңірегі жылдам домбығып, ісінеді. Бірнеше минуттан кейін бас айналып, жүрек айнып, құсады, көздің көру қабілеті төмендейді. Бірден дене қызуы көтеріледі. Егер қолыңызда жылан шаққанға қарсы ештеңе жоқ болса, онда тезірек жыланның сөлін сорып алған дұрыс. Ескере кететіні, ауыз қуысында жарық немесе жара болмау керек, өйткені у сол арқылы қанға түсуі мүмкін. Жылан уының сау ауыз қуысының шырыштық қабатына, тіпті асқазанға түсуі мүлдем қауіпсіз. Егер уды өз уақытында сорып тастаса, зардап шегушінің улану деңгейі әлсіреп, жылдам сауыға бастайды. Сосын бірден дәрігерге бару керек", – деген ол көп мөлшерде сұйықтық қабылдау керек екеніне көңіл бөлді.
Сондай-ақ маманның айтуынша, жылан шаққаннан кейін қозғалуға болмайды. Өйткені қозғалыс удың қанға өтуін жеделдетеді. Адам қимылсыз жатуға тиіс. Егер аяқ зақымданған жағдайда, оны сау аяқпен бірге қатты таңып тастау қажет. Ал егер қол зақымданғанда оны бүгілген қол астындағы маталармен орап тастау керек екен.
Айтуынша, жылан шаққан жерді кесуге, күйдіруге, жгут салуға болмайды. Мұның барлығы қосымша жарақат алуға әкеледі. Жыланның адамға еш уақытта бірінші болып тиіспейтіндігін, тек қорғану үшін шағатындығын әрдайым есте ұстау керек екенін ескертті.

КЕНЕНІ БІРДЕН ЖҰЛМАҒАН ЖӨН

Қазіргі уақытта лагерьлер ұйымдастырылатын жерлерде сәуір айының аяғынан бастап санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Егер арнайы орындардан басқа жерге демалуға шыққан кезде кремдер мен спрейлерді қолданған жөн.
Айта кетерлігі, кененің негізгі қорегі – қан. Ол терінің жұмсақ жерлеріне орнығуға тырысады. Денеге жабысу үшін кенеге кем дегенде жарты сағат уақыт керек. Көп жағдайларда ұйқыға жатқан уақытта орнығады. Кене көбіне бас, мойын, қолтық, тізенің астын шағады.
"Кене адамды шаққан кезде сілекейімен бірге қанға жұқпалы вирустар енуі мүмкін. Бұл адам өміріне өте қауіпті. Одан адам өліп кетуі мүмкін. Теріге енген кенені бірден алып тастау оңай емес. Сондықтан мүмкіндігінше дәрігерге көрінген дұрыс. Денеге жабысқан кенені жұлып алуды ойламаңыз. Өйткені ол теріге басымен жабысып, кіреді. Жұлуға әрекет еткен уақытта басы теріде қалып қою қаупі бар. Кейбіреуі кенені күйдіру қажет дейді. Олай жасауға кеңес бермес едім. Нәтижесінде инфекциялық аурудың денеге тарап кету қаупі бар. Ең ықтималды нұсқасы – сұйық май жағып, кененің өзі түскенін күту. Немесе 5 минуттан кейін пинцет немесе жіп ілгегінің көмегімен кенені тартып аласыз. Қауіпті жәндікті теріден алған соң, оның орнын йодпен немесе спиртпен зарарсыздандырған жөн", – дейді маман.
Айтуынша, қауіпті жәндіктер шөптің, бұталардың, құлаған ағаштардың арасында болады. Сондықтан табиғат аясына демалуға шыққанда жабық аяқ киім киген жөн. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне, ал жейде немесе футболканы шалбардың ішіне салып, бас киім киюді де ұмытпау керек.

ЖАЗДА ЖАБАЙЫ АҢ ЖОҚ

Максим Скрипниченконың мәліметінше, жаз айларында табиғат аясында жыртқыш, жабайы аңдар жоқ. Ең дегенде жабайы тиінді кездестіруіңіз мүмкін екен.
"Жыртқыш аңдар, біріншіден, адамдар шоғырланған жерден қорқады. Сондықтан адам бар жерге жақындамауға тырысады. Одан бөлек, қазіргі уақытта олардың қарны тоқ. Тамақтары жеткілікті. Олар қыс мезгілінде ғана қорек іздеп, түсуі мүмкін. Егер демалыс кезінде жабайы жануарды кездестірсеңіз, тыныштық сақтау қажет. Бірден жүгіруге болмайды. Қасқыр немесе аюды кездестірсеңіз, таяқпен ағаштан ұрып, шулап, айғайлау керек", – дейді жаттықтырушы.
Демалыстағы жан үшін ең қауіпті жау – ол адамның өзі. Маманның айтуынша, сол себепті ешуақытта жалғыз демалысқа шықпау керек. Әсіресе қыз балалар. Тіпті екі қыз бала да шықпауы қажет. Жанында қауіпті жағдайда қорғай алатын жан болғаны абзал.
Соңында балалар қауіпсіздігі жөніндегі жаттықтырушы таулы аймақта жоғалған уақытта не істеу қажет екенін бөлісті. Айтуынша, тауда жоғалып кетсеңіз, әрдайым су ағысын іздеу керек. Өзен болсын, арық болсын, су ағысын естісеңіз соған қарай жүріңіз. Өйткені су сізді қалаға, ауылға алып келеді екен. Сондай-ақ маман табиғат аясына демалысқа шығуды жоспарлағанда өзімен бірге қажетті заттар тізімін де ұсынды.
Яғни: сіріңке, құрғақ қағаз, пышақ, су, көмірсутегі асқын тотығы, мақта, бинт, йод немесе зеленка, көзілдірік, бас киім, суды залалсыздандыратын дәрі, құрғақ рацион, демалысты бірге өткізетін дос.

ӨРТ ШЫҚПАСЫН ДЕСЕҢІЗ

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Азамат Жұртбаев жаз айларында балалардың қараусыз қалғанынан өрт жағдайы көп тіркелетінін жеткізді. Ата-ананың қарауынсыз қалған бала сіріңкемен ойнап, соңы қайғылы оқиғаға әкеліп жатады.
"Табиғат аясына шыққанда балаларды ата-ана қарауынсыз қалдыруға болмайды. Ең бастысы осы. Өйткені қараусыз қалған бала неше түрлі апатты жағдайға ұшырауы мүмкін. Оның ішінде су да, өрт те бар. Табиғат аясында, таулы жерлерде жануарлар да болады. Үлкендерге айтатынымыз: балаларды көзден таса қалдырмай, қараусыз қалдырмау. Суға түсе алмайтын балалар болса, міндетті түрде құтқару кеудешесін киіп суға шомылу қажет. Терең жерлерде суға шомылуға болмайды, су суық болса, көп шомылуға болмайды", – дейді ол.
Одан бөлек ол ата-анасы жұмысқа кеткенде баланы үйде жалғыз қалдырып кететін сәттерге тоқталды. Осы орайда ата-аналарға балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес берді. Егер қарайтын адам болмаса немесе амалсыздан үйде тастап кетуге мәжбүр болса, онда балаларға қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтауды үйрету керек.
"Үйде жалғыз қалған уақытта өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек. Ол дегеніміз – ата-ананың үйдегі электр сымдарын жарамды күйде ұстау. Одан кейін балалар өшіріп, қосып, ауыр тоқ тартатын техника мен жабдықты қоспауы керек. Сіріңкемен ойнағаннан абайсызда өрт шығады. Байқаусызда шөпті, үйдің ішіндегі затты өртеп жіберуі мүмкін. Ата-анасы баласын сыртынан жауып, кетіп қалған жағдайлар болған. Іште жалғыз қалған бала сіріңкемен ойнап, өрт шығып, үйден шыға алмай қалады", – деген ол табиғат аясына демалысқа шыққан кезде де қауіпсіздік ережесін ұстануға шақырды.
Азамат Жұртбаев ең алдымен от жағатын жерді алдын ала дайындап алу қажеттігін жеткізді. Жоғарғы жағында ағаш, жан-жағында шөп болмауы керек. Шөптер болса, тазалап, күрекпен жан-жағын айналдырып, қазып шығу қажет екен.
"Алшақ, ашық жерде арнайы орын дайындап алу керек. Барлық жұмыстар біткен кезде отты міндетті түрде сумен өшіріп кетуді ұмытпаңыздар. Өйткені жел соқса, от шоқтары ұшып, дала, орман өрттері пайда болуы мүмкін. Табиғат аясына шыққаннан кейін қоқыстарды міндетті түрде жинап, өзімен бірге алып кеткен дұрыс. Себебі шыны бөтелкесіне күн сәулесі түскеннен кейін ол қызып, шоқ пайда болады. Сол себептен барлық қоқысты жинап кеткен абзал", – дейді маман.
Сонымен қатар ол өрттің алдын алу үшін тыйым салынатын заттарға баса көңіл аударды.
Яғни:
табиғат аясындағы демалыста жанып тұрған сіріңке, темекі тұқылы, тұтанған шүберек лақтыруға;
тығыз бұталар мен жас қылқан жапырақты алқаптарда, жетілген дақылдарға жақын жерде от жағуға;
орманда өздігінен жанатын заттарды (майға, бензинге, шыны ыдысқа малынған шүберек пен шүберек) қалдыруға;
желді ауа райында от жағып, оны қараусыз қалдыруға болмайды.

СУҒА ДҰРЫС ШОМЫЛЫҢЫЗ

Суға шомылу маусымын көпшілік асыға күтетіні белгілі. Өйткені суға түсу демалыс қана емес, денені шынықтырудың жақсы құралы ретінде де қызмет етеді. Бірақ немқұрайлылық, абайсыздық, судағы шамадан тыс еркелік соңы қайғылы оқиғаға әкеледі.
Қарапайым қауіпсіздік шарасын сақтамау салдарынан жыл сайын мыңдаған адам қайтыс болады.
"Ең бастысы демалысты жоспарлаған жөн. Қайда барып шомыласыз, кіммен барасыз дегендей. Мысалы өзіміз бала-шағамен демалысқа шықсақ, балаларға бас-көз болатын арнайы адамның болуын қадағалаймыз. Көп жағдайларда табиғат аясына, су жағасына шығамыз. Әсіресе демалушы су жағасына қарай ұмтылатыны жасырын емес. Суға түседі, демалады. Ересектер жағы ішімдік ішетіні бар. Осындай жағдайларда су жағасында ойнап жүрген балалар қараусыз қалады. Суға батып кетеді, бір-бірін тұншықтырады, ойнайды. Үлкендер демалатын болса, балаларсыз барған жөн. Немесе балалар барған жағдайда балаға қарайтын арнайы адамның болғаны дұрыс", – дейді құтқарушы Сырым Дайырбаев.
Сырым Дайырбаевтың сөзіне сүйенсек, барлық ағын суларда суға түсуге тыйым салынған. Яғни суға түсуге мүлдем болмайды. Десе де, мамандар тарапынан суға шомылуға тыйым салып, суға түсіп жүрген жерлерінен қуа да алмайды.
"Қолымыздан келетіні – алдын ала ескерту жасап, сақтық шараларын ұстануға шақыру. Кейбір қалаларда суға түсуге арналған арнайы орын бар. Сол жерге суға түсуге кеңес береміз. Ол жерде ересектерге, балаларға арналған арнайы орындар жасақталған. Балалар суға түсетін жағында құтқарушы әрдайым бақылап отырады. Құтқару құрал-жабдықтарымен жабдықталған арнайы орындарға барған абзал", – деді ол.
Бұрын барып көрмеген, білмейтін жерге суға шомылуға барғанда ересек адам суға бірінші кіргені дұрыс, дейді құтқарушы. Осылайша суға түсуге бола ма, болмай ма, су асты таза таза емес пе, соны көріп тексеріп шығады екен.
"Суға түсудің де өз тәртібі бар. Бірінші, белден келетін жерге суға кіріп, денені үйретіп алған дұрыс. Қандай ыстық болса да, су қандай жылы болса да денені суға үйретіп алған жөн. Ол үшін белге дейін ғана кіреміз, аяғымыз суға үйренген соң, денемізбен ақырындап суға ене бастаймыз. Содан кейін қолмен суды денемізге шашып, мойынға дейін отырамыз. Ыңғайы келсе сүңгіп аламыз. Белден келетін жерге сүңгіп, содан кейін барып шомылған дұрыс", – дейді.
Құтқарушының пікірінше, дене қызып тұрғанымен, су кішкене салқындау болады. Суға секіргеннен кейін организм соққы алып, аяқ-қол тартылады. Сондықтан қандай жағдай болмасын денені үйретіп алған жөн.
"Біздің тарапымыздан суға шомылу маусымына дейін дайындық жұмыстары жүргізілді. Тыйым салу белгілерін орнаттық. Бір қаланың өзінде суға түсуге болмайды деген 30-40 белгі бар. Осындай белгі орнатылған жерде мүлдем шомылуға болмайды.Тағы бір айта кететіні – арнайы демалыс орындары бар көлдерге суға түсу. Демалыс орнына бардыңыз, көлікпен кіргенге, тамаққа, жатын орынға ақша төледіңіз. Бірақ сіз қауіпсіздігіңіз үшін ақша төлемедіңіз. Сондықтан демалыс орнына барғанда жағажайда құтқарушылар бар ма деп сұрауыңыз қажет. Себебі кейбір демалыс орындарында құтқарушы тұрмақ құтқару құрал-жабдықтары да жоқ. Егер демалуға барған әр жан осындай талап қоятын болса, демалыс орнының иесі құтқарушы жалдайтын еді", – деді құтқарушы.
Сондай-ақ шомылуға арналған орындардың ішкі ережесімен алдын ала танысып барып суға түсу керек. Саяхатта суға шомылу үшін суы таза, түбі құмды немесе қиыршық тасты, терең емес, ағысы қатты емес орынды таңдап алған дұрыс.
Одан бөлек:
белгісіз жерлерде сүңгуге болмайды, су түбінде суға батқан бөренелер, тастар, ағаштар болуы мүмкін;
балдырлары бар шалшықты суға түсуге болмайды;
дауылды күні немесе күшті соқпа толқыны бар жерлерде суға түсуге болмайды;
қайықтарға жабысуға, өтіп бара жатқан кемелерге қарай жүзуге, су жолы белгілерінен шығып кетуге болмайды;
егер де ағысы қатты суға түсіп кетсең, ағысқа қарсы жүзуге тырыспау керек, өйткені оған шамаңыз жетпейді. Мұндай жағдайда жағаға жақындайтындай болып ағыс бойымен жүзуі керек;
көмекке шақырудан ешқашан ұялмау қажет;
жалған айқай, қатер белгісін беруге болмайды;
балалардың суға шомылуы тек ересектердің бақылауымен жүргізілуі керек.