Қоғам

ҰҚК отыздан астам арнайы операция жүргізді: 2,3 млрд теңгенің есірткісі тәркіленді

Арнайы операция барысында есірткі сатуға және таратуға қатысы бар 15 адам ұсталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі және психотроптық заттардың таралуына қарсы іс-қимыл аясында осы қауіп-қатердің жолын кесу бойынша жұмысты күшейтті.
Ведомство мәліметінше, ҰҚК биыл сәуір мен мамыр айларында есірткіге қарсы 30-дан астам операция жүргізген. Оған Қырғызстан және Өзбекстанның арнаулы қызметтері және құқық қорғау органдары да қатысты.
"Нәтижесінде есірткі трафигінің 9 халықаралық және 14 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 8 ірі жасырын зертхананың жұмысы тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 15 қатысушы ұсталды.
Заңсыз айналымнан барлығы 223 кг есірткі, соның ішінде 90 кг синтетикалық есірткі (270 мың "бір реттік дозаға" тең), 85,2 кг марихуана, 14 кг апиын, 4 кг гашиш тәркіленді. алынды. Бұдан бөлек, 800 экстази таблеткасы, 500 түп "голланд" марихуанасы және психотроптық заттарды дайындауға арналған 4 тонна химиялық реагенттер айналымнан шығарылды.
Екі ай ішінде алынған есірткінің "қара нарықтағы" жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге бағаланып отыр, дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жалғасуда.