Қарағандылық жігіт елордаға ұрлық жасау үшін келген – видео

Күдікті астанаға қайта-қайта келіп, бір айдың ішінде 19 велосипед ұрлап кеткен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда бірнеше велосипед ұрлаған Қарағанды қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күдікті астанаға қайта-қайта келіп, бір айдың ішінде 19 велосипед ұрлап кеткен. Ол негізінен жатақханалар мен ойын клубтарына тоқтап, түнде ұрлыққа шыққан. Үйлердің кіреберісінен және тұрақтан ұрланған велосипедтерді өтіп бара жатқан адамдарға төмен бағаға сатқан.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұры Қарағанды қаласында үйінде ұсталды. Оның пәтерінен ұрланған 7 велосипед тәркіленді.
Күдікті кінәсін мойындады. Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Бұл бапта 3 000 айлық есептiк көрсеткiшке (9 540 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қалған велосипедтердің орналасқан жерін анықтап жатыр. Сондай-ақ күдіктінің елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.