Бекмырза Игенбердинов CTS басшысы қызметінен кетті

Игембердиновтың тұсында балаларға қоғамдық көлікте тегін жүруге рұқсат берілді. Сондай-ақ қолма-қол ақша төлеу жүйесі толығымен электронды форматқа ауыстырылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. "City Transportation Systems" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"City Transportation Systems" компаниясының бұрынғы атауы – Астана LRT. Жеңіл рельсті көлік жүйесінің қаржысы ұрланғаннан кейін басшысы Талғат Ардан шетелге қашып кетті.
2018 жылдың басында "Астана LRT" компаниясының басшылығына Бекмырза Игенбердинов келді. Екі жылдан кейін компанияға ребрендинг жасалып, атауы "CTS" болып өзгертілді.
Игенбердиновтың тұсында қоғамдық көлікте бір сағаттың ішінде ауысып отыру жеңілдігі алынып тасталды. Бірақ балаларға тегін жүруге рұқсат берілді. Сондай-ақ қолма-қол ақша төлеу жүйесі толығымен электронды форматқа ауыстырылды.

"Бес жарым жылдың ішінде біз 31 жаңа бағдарды іске қосып, 79 бағдардың схемасын жақсарттық. Қала маңына қатынайтын автобустарды жолға шығардық. Bus Lane-ді енгіздік", - деп жазды Игенбердинов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, жол ақысын төлеудің электронды жүйесі тағы жаңартылады. Қала тұрғындары мен қонақтары жол жүру ақысын банк картасымен төлей алады.