Жалпыхалықтық референдум қалай өтіп жатыр

Сағат 14.00-дегі жағдай бойынша таңғы жетіден бастап қазақстандықтардың елу пайыздан астамы дауыс берді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Дауыс беру басталғалы жеті сағат ішінде сайлаушылардың жалпы санының 53,43%-і немесе 6 262 973 адам дауыс берді. Ішкі істер министрлігі, халықаралық байқаушылар референдум учаскелерінде әзірге ешқандай заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жексенбі, 5 маусымда республикада жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Қазақстандықтар алғаш рет Конституцияға түзетулерді референдум арқылы енгізуге мүмкіндік алды. Бұған дейін Ата заңымыз парламенттің шешімімен өзгеріп келген еді.
Халқымыз үшін бүгін айтулы күн десек артық емес. Кейбір аймақтарда учаскелер шармен безендірілген. Ал Шымкентте, тіпті, жас жігіттер дауыс беруге ұлттық киім киіп, батыр образында келді.

Елу пайыздан астамы дауыс берді

Референдум учаскелері елдің басым бөлігінде астана уақытымен таңғы 07:00-де ашылды. Бес өңір – Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында уақыт белдеуіне байланысты дауыс беру бір сағатқа кеш басталды.
Қазақстан бойынша барлығы 11,7 млн сайлаушы дауыс беруге құқылы. Сағат 14.00-дегі жағдай бойынша қазақстандықтардың 53,43%-і немесе 6 262 973 адам өз таңдауын жасап қойды.
Әсіресе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының сайлаушылары өте белсенді – 60 пайыздан асады. Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп отыр – небәрі 23,6%.
Референдум өткізілген болып саналуы үшін барлық сайлаушының жартысынан көбі дауыс беруге міндетті. Осыған байланысты Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сүйеніп, референдум "өткізілген" деп айтуға болады.
Барлығы референдум үшін он мыңнан астам учаске құрылған. Соның ішінде 65 учаске 52 шет мемлекетте ашылды.
Қазақстан азаматтары кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады.

Әзірге заңбұзушылық жоқ

Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, жалпы елдегі жағдай – тыныш. Қандай да бір заңбұзушылық тіркелген жоқ.
Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бюллетеньдерді әкелгенге дейін дауыс беру учаскелерінің барлығы тексерілген.
Сондай-ақ халықаралық байқаушылар да референдумның жоғары деңгейде өтіп жатқанын мәлімдеді.
ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Леонид Анфимовтың айтуынша, Қазақстан референдумға тыңғылықты дайындалған. Техникалық және заңнамалық дайындық бойынша өрескел заңбұзушылықтар байқалған жоқ.

Биліктегілер де өз таңдауын жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сағат онға таман елордадағы Оқушылар сарайында дауыс берді. Мемлекет басшысы дауыс беруге арналған кабинкада көп бөгелген жоқ. Бюллетенін урнаға салғаннан кейін журналистердің сауалдарына жауап берді.
Президент бүгін Қазақстан тарихында ерекше күн екенін, қазақ халқы маңызды бетбұрыс жасайтын шешім қабылдап жатқанын айтты.
"Сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған", - деп баға берді Тоқаев.
Айта кетері, президент референдум учаскесіне келгенде басқа сайлаушыларға ешқандай кедергі жасалған жоқ. Адамдар емін-еркін жүрді.
Сондай-ақ референдумға тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана Опера" театрында дауыс берді.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев "Конституциямен берілген құқын міндетті түрде пайдаланып, референдумда дауыс беретінін" айтқан еді.
"Мені де қоғамды алаңдататын мәселелер мазалайды. Барлық өзгеріс мемлекет пен халық мүддесі үшін жасалуы керек", - деп мәлімдеген болатын ол.
Айта кетері, республикалық референдум арқылы Конституциядан Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі мен өкілеттіктерін алып тастау көзделген.
Бұдан бөлек, референдум учаскелерінде сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, әкімдер мен министрлер де бой көрсетті.
Шенеуніктердің арасында отбасымен келгендер де жоқ емес. Мәселен, ең жас министрлердің бірі Бағдат Мусин дауыс беруге кішкентай баласын ерте келген. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге дауыс берді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин болса, әйелімен және қызымен барды.
Сонымен қатар жалпыхалықтық референдумда Жамбыл облысының экс- әкімі Бердібек Сапарбаев, ғарышкер Талғат Мұсабаев, президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбеков те дауыс беріп шықты.

Конституцияға қандай өзгерістер енгізіледі

Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделіп отыр. Қазақстандықтардың жартысынан астамы өзгерістерді қолдаса, түзетулер бірден Конституцияға енгізіледі.
Басты түзетулердің бірі – жер мен оның байлығы халықтың меншігі етіп жарияланады. Халықтың атынан жерге мемлекет иелік етеді.
Сондай-ақ президенттікке екі мерзімнен артық сайлануға жол берілмейді. Бұған қоса, президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметте лауазым иеленуге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушы қызметін атқаруға да тыйым салынады. Сонымен қатар 91-баптан Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, тұңғыш президент – Елбасы мен оның статусын алып тастау көзделген.
Конституциялық сот, Жоғарғы сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне партия мүшесі болуға тыйым салынады.
Сенаттағы президент квотасы 10 депутатқа дейін қысқарады. Мәжіліс пропорционалды және мажоритарлы жүйемен сайланады. Депутатты кері қайтару жүйесі енгізіледі.
Бұдан бөлек, Конституциялық сот құрылады. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата етіп өзгереді.
Сонымен қатар өлім жазасын толығымен жою көзделіп отыр.
Дауыс беруге арналған бюллетеньде бір ғана сұрақ қойылады:
"2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?".
Оған "иә" немесе "жоқ" деп дауыс беру керек.