НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысында әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз өлімінің алдын ала себебін атады.
"Алдын ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызмет өткерумен байланысты емес отбасылық-тұрмыстық проблемалар болған", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, құқық қорғау органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, 4 маусымда әскери борышын өтеп жүрген 19 жасар сарбаз асылып қайтыс болды. Қайғылы оқиға Маңғыстау облысындағы,Бейнеу шекара бекетінде болған. Сарбаздың мәйіті бүгін таңғы 5 шамасында асулы тұрған күйінде табылған.
Қатардағы жауынгердің қойын дәптерінен, ата-анасына, ағалары мен туыстарына арналған жеке-жеке жазба табылған.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударды.
"Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды", - деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.