ПЕТРОПАВЛ, 5 маусым – Sputnik. Актриса Самал Еслямова туған қаласы Петропавлда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазір Самал Еслямова пандемия кезінде ашылған Нұр-Сұлтандағы жас көрермендерге арналған музыкалық театрда жұмыс істейді. Актриса туған қаласына келіп, өзі тіркелген сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Біздің әрқайсымыздың өз ұстанымымыз, пікіріміз бар. Еліміздегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі жыл сайын жақсара беруі үшін белсенді болып, сайлау, референдум сынды маңызды іс-шараларға қатысу қажет. Референдумнан кейін елде оң өзгерістер болады деп үміттенеміз", - деді Самал Еслямова.
Ол сайлау және басқа да маңызды іс-шараларға үнемі қатысатынын атап өтті.
"Қайда жүрсем де, сайлауға тұрақты қатысамын. Студент кезімде Мәскеудегі елшілікте дауыс беруге тура келді", - деп түйіндеді актриса.
Еске салайық, Самал Еслямова Петропавлда дүниеге келген. 2011 жылы Ресей театр өнері академиясын "Театр және кино әртісі" мамандығы бойынша үздік бітірді.
2018 жылы режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильміндегі рөлі үшін 71-ші Канн кинофестивалінде ТМД елдері арасында алғаш рет бас жүлдені жеңіп алды.
2018 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
2019 жылы Гонконгта "Азияның ең үздік актрисасы" номинациясын алды.
2020 жылдың соңында ол "Үздік әйел рөлі" номинациясында Ресей кинематографиялық өнер академиясының "Ника" сыйлығының иегері атанды.