Қоғам

Қаңтар оқиғасы: 23 адам ғана бас бостандығынан айыру жазасына кесілді

Сонымен қатар президент 20 мың террористке қатысты түсініктеме берді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін қаңтар оқиғасы бойынша сотталған адамдардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент қаңтарда мемлекеттік құрылысты бұзуға бағытталған террористік шабуыл болғанын, сондықтан оған қатысы бар барлық адамды жауапқа тарту мәселесі ерекше бақылауға алынғанын жеткізді.
"Ал "20 мың террорист" туралы айтар болсақ, ондай мәліметті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берген. Барлық республика бойынша алынған мәлімет еді, бәріңіз жақсы білесіздер, 13 қалада бір уақытта қоғамдық тәртіпті бұзу үшін билікке қарсы әрекеттер жасалды. 5 500 қылмыстық іс қозғалған болатын. 500 іс сотқа жолданды.
Осы орайда ерекше атап кететін жәйт, 23 адам ғана бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Осының өзі біздің егжей-тегжейлі тексеріп жасап отырғанымызды дәлелдеп отыр", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Референдум аясындағы брифингте мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде бандит пен террористердің әрекетінен көп шығын келгенін ерекше атап өтті.
"1600 қызметтік және коммерциялық ғимарат зақымданды. Мыңға жуық көлік өртеніп, үш мың қару-жарақ ұрланды. Әрине, қаза болғандар да аз емес. Олардың ішінде бандит пен террористер көп болды ", - деді президент.