НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. 5 маусымда Өскемен қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары гүрс еткен дауысты естіген.
Белгілі болғандай, подъезге кіреберіс тұсындағы қабырға есікпен бірге опырылып құлаған.
"Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Бірақ құлаған қабырға жақын маңда тұрған автокөлікті зақымдады", - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Департаменттің хабарлауынша, қабырға өздігінен құлаған. Қирандыларды тазалау үшін "Таза Өскемен" қалалық коммуналдық кәсіпорнының бригадасы оқиға орнына жетті. Подъезд тұрғындары бригада жұмысшыларына көмектесті.
Қабырғаның не себепті опырылғаны белгісіз. Бірақ тұрғындар подъезд есігі ілініп тұрған темірдің балқытылып кесілген тұсын көрсетті. "Кім кесіп тастағаны белгісіз, бірақ бұл есік бәрібір ауаға ілініп тұрғандай күйде еді", - дейді тұрғындар.