НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Тараз қаласының 2 сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 8 ер адамның ісі қаралды. Судья прокурор сұраған жазаны берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, 4 қаңтар күні Ж., І., Л., Е., Ж., Ә., А. және С. есімді азаматтар Тараз қаласында мүлiктi жойып, полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданған.
"Атап айтқанда, Ж. кешкі сағат 19.00 шамасында тергеумен анықталмаған басқа да белгісіз тұлғалармен бірігіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданып, яғни қорғаныс қалқандарынан бірнеше рет теуіп жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан", - дейді сот мамандары.
Сол сияқты басқа сотталушылар да полицияға қарсы шықты. Біреуі резина таяғын тартып алса, тағы екеуі қызметтік көліктерді қиратқан. Ал Ә. есімді сотталушы полицияға бірнеше рет тас лақтырған. Артынан мүлікті қиратумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздікке белсене араласқан.
Тағы біреуі әскери қызметшілерінің заңды талаптарына бағынбай, қалқанмен бірнеше мәрте ұрып тепкен. 8 сотталушының барлығы өз кінәсін мойындады.
Прокурор пробациялық бақылау белгілей отырып, шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші де қарсы болған жоқ. Заң бойынша сотталушылардың әрекеті ауыр қылмыстар санатына жатады және оны жасағаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың шын жүректен өкінулерін, соттылықтарының болмауын таныды. Сотпен ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ", - дейді мамандар.
Сот үкімімен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 8 ер адамның әрбіреуі шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетері, ондай жаза кезінде адамды түрмеге отырғызбайды. Біраз бақылау шаралары бұзылса, бас бостандығынан айыру жазасын қолдануы мүмкін.