НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті екі қызметтік көлікті жапырып кеткен КамАЗ жүргізушісінің әрекетіне қатысты түсініктеме берді. Ұстау сәтінің видеосын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеода кісен тағылған ер адам жерде отыр. Полицейлер одан қызметтік көлікті не үшін соққанын сұраған. КамАЗ жүргізушісі былапыт сөзбен жауап берген.
"Маған да бақырып, секіріп, төбелескісі келді. Бұған дейін ондай болған жоқ. Мен сендерді өлтіремін дейді", - деді жүргізушісінің жұмыс берушісі.
Полиция КамАЗ жүргізушісінің мінез-құлқына байланысты сот психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалғанын хабарлады. Қазіргі кезде ер адам қамауға алынды.
Айта кетері, 30 мамырда кешкі сағат 17: 30-дың шамасында Өндіріс көшесімен келе жатқан "КамАЗ" автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісі полициядан қашқан. Ол алдымен "Hyundai" маркалы патрульдік полиция автокөлігін соғып, айдаламен қашқысы келген.
Одан кейін жолға шығып, "Peugeot-301" маркалы патрульдік полиция автокөлігін артынан соқты. Ал кабинадан шыққан бойда полицейлерге жұдырық ала жүгірді.
Билік өкілдеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.