АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik. Қаржы мониторингі агенттігі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Сердіге іздеу жариялады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Сердіге іздеу жарияланды
© Photo
Ведомствоның мәліметінше, Ибулла Серді алдын ала сөз байласу арқылы сыбайластарымен бірлесе аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқырды деген күдікке ілінді.
"Іздеудегі күдіктіні анықтаған немесе оның шамамен орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат алған кезде агенттіктің +7 7172 708 478, +7 7172 767 921 сенім телефондарына хабарлауды сұраймыз. Немесе Нұр-Сұлтан қаласы Бейбітшілік көшесі, 10 мекенжайы бойынша ақпарат беруге болады", – делінген ведомство хабарламасында.
Ибулла Серді 1976 жылы 31 қаңтарда Маңғыстау облысында дүниеге келген. Инженер-экономист және мұнай-газ ісі мамандығын алған.
Ол 2003 жылдан бері газ саласында еңбек етті. 2009 жылдан бастап "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-да, 2016-2018 жылдар аралығында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-да жұмыс істеді.
Оның соңғы қызметі – "QazaqGaz" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы.