АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik. Үндістанның Нью-Дели қаласында Сан Мартин Парк скверінде қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының бюсті салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстан сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, іс-шараға премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Үндістанның сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхи, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
"Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық", – деді Бақыт Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие. Ол Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін айтып өтті.
Сондай-ақ тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.
Айта кетері, Нью-Дели қаласында Абай бюстінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының Үндістанға сапары шеңберінде өтті.