НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Елордада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Балаларға күлкі сыйла" акциясы өтіп жатыр.
16 маусымға дейін жалғасатын осы акция барысында 18 жасқа дейінгі балалар жекеменшік стоматологиялық клиникаларда тісін тегін қаратып, емдете алады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының бастамасымен өткізіліп жатқан бұл акцияға Қор базасындағы жекеменшік стоматологиялық клиникалар қатысуда. Тізімді мына сілтеме бойынша қарауға болады.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Олардың арасында терапевтің қабылдауы, тісті жансыздандыру, жақтың немесе тістің рентгенографиясы, химиялық материалдардан пломба салу, пульпит пен перидонтитті емдеу, тісті хирургиялық жолмен жұлу, гипоплазия кезінде тістің анатомиялық пішінін толық қалпына келтіру, т.б. қызметтер кіреді", - дейді КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Стоматологиялық көмек пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдауы негізінде көрсетіледі, яғни учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұлғаның статусы туралы, жарналар мен аударымдарды төлеу немесе медициналық көмек алу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының астаналық филиалына ресми байланыс арналары арқылы жүгінуге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.