Қоғам

Қарағандыдағы "Фитохимия" ғылыми-өндірістік кешені мемлекетке қайтарылады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Бұрын Қарағанды фармацевтика кластеріне берілген "Фитохимия" ғылыми-өндірістік кешені мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.
Оның айтуынша, кешенді кластерге беру мемлекетке тиімсіз болған.
"Институттың маңызы мен әлеуеті зор. Ішкі аудит қызметінің тексеру жұмысы келісімнің мемлекетке тиімсіз екенін көрсетті, мүліктік кешенді бағалауға, оның құны мен бөліп төлеуге қатысты сұрақтар туындады. Сол себепті мемлекет меншігіне қайтару бастамасы көтерілді",- деп жазды Аймағамбетов.
Тиісті құжатқа қол қойылған, рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Қарағандының саябақ аймағындағы жерлерді қаланың орталық саябағының бір бөлігі ретінде мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылады.
Айта кетері, "Фитохимия" ғылыми-өндірістік кешені 1995 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қолдауымен ашылған. 2005 жылы сол кездегі мемлекет басшысының тапсырмасымен "Фитохимия" ғылыми-өндірістік орталығы" АҚ болып, ал кейіннен 2009 жылы "Фитохимия" халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі" АҚ болып қайта құрылған.
"Фитохимия" – фармацевтика саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығы. Мұнда өсімдіктекті шикізатты өңдеу, субстанция алудан бастап дайын дәрілік түрлерді, бірегей фитопрепараттарды өндіруге дейін толық технологиялық цикл енгізілген.