Оқиға

Шығыс Қазақстанда алты жасар бала бетон плиталарының арасына қысылып қалған

Балаға көмек көрсету үшін оқиға орнына жедел түрде құтқарушылар мен тұрғындар келді
Sputnik
АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында алты жасар бала көшеде ойнап жүріп, бетон плиталардың арасынан өтемін деп қысылып қалған, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Оқиға Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында болған.
Ведомство мәліметінше, балаға көмек көрсету үшін оқиға орнына жедел түрде құтқарушылар мен тұрғындар келді. Олар баланы құтқару үшін плиталарды бөлшектемекші болған.
Бірақ бала жылауын тоқтатпаған соң әрі уақыт тапшылығынан бұл әрекетке бармаған.

"18-ші өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Дархан Байғалиев пен "МҮ жоба" шебері Азамат Дүзеев мұқият дайындалып, бірлесе қысылған баланы шығарып алды. Жедел жәрдем дәрігерлері баланы тексеріп, еш жарақат алмағанын айтты", – делінген хабарламада.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға қырағылық танытып, балалар жанында үнемі болу қажеттілігін ескертті.
Сондай-ақ мамандар мұндай оқиғалар балалардың жалғыз қалуынан және ойын үшін қауіпті жерлерді таңдаудан туындайтынын айтты.