Видео

Жамбыл облысындағы зауыт жаңғыртудан кейін қант өндіруге қайта кірісті – видео

Еліміздегі қант шығаратын негізгі төрт зауыттың екеуі әрі негізгісі орналасқан Жамбыл облысы Меркі ауданындағы кәсіпорын ішінара жаңғыртаудан кейін құрақ қантты қайта өңдеуге кірісті
Sputnik
"Меркі қанты" зауытының директоры Нұржан Қарғабаев қазіргі таңда шикізат мәселесі шешілгенін айтты. Осы орайда зауыт Бразилиядан 9 мың тонна қант шикізатын қабылдап алған және жоспар бойынша барлығы 40 мың тонна шикізат қабылдау көзделіп отыр.
"2022 жылы да кәсіпорынды жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Алайда қаражат жағы қиын болып тұр. Айналымға ақша салу, қант қызылшасын қабылдау және құрақ қант сатып алу үшін шамамен 10 миллиард теңге инвестиция қажет. Осы мақсатпен үкіметке, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хат жолдадық", - дейді зауыт директоры.
Ол Жамбыл облысы әкімдігі биыл 6 300 гектарға қант қызылшасы егілгенін мәлімдегенін айтты. Қарғабаевтың есебі бойынша, бұл аумақтан 200 мың тонна қант қызылшасы алынады және сәйкесінше шамамен 24 мың тонна ақ қант шығарылады.
Елде қант тапшылығы жоқ, логистикаға қатысты мәселе туындағаны рас. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев осындай пікір айтты.
"Елде қант тапшылығы жоқ. Тек логистикаға қатысты проблема туындады. Оның барлығы шешіліп жатыр. Соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 250 мың тонна шикізатты баж салығынсыз жеткізіліп, зауыттарға үлестірілді", - деді Дамир Егізбаев.
Ол зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді өңірлерге, ал шикізатты зауыттарға жеткізуді еш кедергісіз жүзеге асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы арасында мәміле жасалғанын айтты.
"Диқандардың қант қызылшасы егілетін аумақты арттыруын ынталандыру үшін мнистрлік тарапынан шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, шаруа қожалықтары астықты экспортқа шығармай, елдегі зауыттарға тапсырса, бір килограмм қант қызылшасы үшін зауыт 15 теңге төлейді және тағы 15 теңгені мемлекет субсидиялайды. Сол сияқты, техника, жанар-жағармай, пестицид сынды бағыттарға да субсидия қарастырылған", - деді министрліктің баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, биыл бүкіл ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия көлемі 449 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде мал мен егін шаруашылығы да, техника да бар.