Қоғам

"Қазақстан халқына" қоры 360 білім грантын бөледі

2022 жылы білім беру грантына қор 378 млн теңге бөледі. Бұл қаражат тұрмысы нашар отбасыдан шыққан балалардың оқу ақысын төлеуге жұмсалады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры білім грантына 378 миллион теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы қор төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді.
"Бізге оқу ақысын төлеуден қиналып жүрген жоғары оқу орындарының студенттерінен 1,5 мың өтініш келіп түсті. Біз оларға қалай көмектесуге болатынын ойластырып, бір шешімге келдік. Қамқоршылық кеңес бұл бағдарламаны ауыл мектептерінің түлектері, тұрмысы нашар отбасынан шыққан, оқу ақысын төлеуге қиналып жүрген жастар үшін қабылдады. Жетім, мүмкіндігі шектеулі балалар да осы грантқа үміткер бола алады", – деді Болат Жәмішев брифиннте.
Қор ынтымақтастық орнатқан 85 жоғарғы оқу орнының әрқайсысына үш грант бөледі. Жалпы саны – 360 грант. Оның ішінде 100 грант жоғары оқу орындарында білім алып жатқан, бірақ оқу ақысын төлеу бойынша қиналып жүрген студенттерге беріледі.
"Бірақ бұл үміткерлерді осы салада жұмыс істейтін, студент жастарға белгілі қайырымдылық ұйымдары іріктейтін болады", – деп түсіндірді Жәмішев.
Жыл сайын бағдарламаның бюджеті өсіп, студенттердің бакалавриат бойынша төрт жыл оқуына есептелетін болады.
Еске салсақ, өткен аптада "Қазақстан халқына" қоры студенттерге білім гранты түрінде қайырымдылық көмек көрсету бағдарламасын әзірлеп жатқаны белгілі болған еді.