Президент қазақстандықтарды Балаларды қорғау күнімен құттықтады

Баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін осы мерекеде бәріміз айқын сезінеміз, деп атап өтті Тоқаев
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
"Халықаралық балаларды қорғау күні – ерекше қуаныш пен мейірімге толы шуақты мейрам. Баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін осы мерекеде бәріміз айқын сезінеміз", - деп атап өтті Тоқаев.
Президент өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін еске салды.
"Біз заманауи мектептер мен жайлы балабақшалар салып, инновациялық орталықтар, оқушылар сарайларын және спорт кешендерін ашып жатырмыз. Үйірмелер мен секциялар да ұйымдастырылған. "Балалар жылы" аясында көптеген жаңа жоба қолға алынды. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, мемлекет жылдан жылға бұл бағыттағы жұмысты күшейте түседі. Өйткені, жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады.
Президент жас қазақстандықтарды және барша жұртты осы жарқын мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке тіледі.
Тоқаев ел дамуына үлес қосқан ғалымдарды марапаттады