НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Мемлекет Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге 11 млрд теңге төледі. Бұл туралы ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол қаңтар оқиғасының салдарын жою үшін ұлттық экономика министрлігі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынды өтеу ережелерін әзірлеп, бекіткенін еске салды.
"Алматы қаласы бойынша қаңтар оқиғасы барысында зардап шеккендерге мемлекет тарапынан 11 млрд теңге төленіп қойды. Сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер кезінде автокөліктері зақымдалған азаматтарға тағы 258 млн теңге төленді", - деді Әділов брифингте.
Айтуынша, бүгінде ішкі істер органдарының тергеушілері 758 қылмыстық істі тергеп жатыр. Негізгі салмақ Алматы тергеушілеріне түскен, олар 560 істі тергеуде.
Дәл осы Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылары мақсатты түрде көп адам тартып, ұрлық, тонау және қару ұрлауға итермелеген.
Тәртіпсіздіктер кезінде Алматыда мың жарымға жуық түрлі ғимаратқа шабуыл жасалып, 240 автокөлік зақымдалды және өртелді. Бейбіт тұрғындар бірнеше тәулік бойы көшеге шыға алмай, үйлерінде тығылуға мәжбүр болды.
ІІМ мәліметінше, бүлікшілер қаладағы тарихи-мәдени нысандарды да қиратқан. Негізінен, олар Республика алаңының айналасында орналасқан ғимараттар. Қазіргі таңда олар қалпына келтірілуде. Қылмыскерлер келтірген шығын миллиард теңгеге бағаланып отыр.