Қазақ ғалымдары сапалы селен алудың ерекше әдісін ойлап тапты

Оның ерекшелігі – селенді қоспалардан тазарту кезінде экологиялық таза технология қолданылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Satbayev University Металлургия және байыту институтының ғалымдары сапалы селен алудың ерекше әдісін ойлап тапты, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңалықты техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиев бастаған ғалымдар тобы әзірледі. Жоба БҒМ ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылды.
"Көп жылдық зерттеулердің нәтижесінде әріптестерімізбен бірге булану негізінде сапалы селен алу үшін вакуумды айдау әдісін ойлап таптық. Сапалы, яғни таза селен – сирек кездесетін материал, оны өндіру де, тазарту да қиын. Біздің жаңалығымыздың бір ерекшелігі бар, яғни ол бір кезеңде құрамында 99,5%-дан астам негізгі компоненті бар таза селенді арзан реагентсіз жолмен алуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда шығарылатын таза селеннің құны шетелдік өнімге қарағанда айтарлықтай төмен болады дегенді білдіреді", - деді Satbayev University Металлургия және байыту институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиев.
Оның айтуынша, технология өзінің тиімділігін дәлелдеді және материалдардың көптеген түрінде, соның ішінде "Қазмырыш", "Қазақмыс корпорациясы" сияқты қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындары және басқа компаниялар шығаратын техникалық және әлі дайын емес селенде сынақтан өтті.
Бастапқыда сынақ қондырғысы Металлургия және байыту институтында орнатылды. Қазір Балқаш қаласында "Қазақмыс Прогресс" серіктестігінің өндірістік нысандарында отандық сапалы селен өндірісі жолға қойылды. Өндірісті Satbayev University-дің ғалымдар тобы бақылауда ұстайды. Бүгінгі күні ғалымдар тазартылған металдың алғашқы партиясын алып үлгерді.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа технология селен өндірісін жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі. Нәтижесінде Қазақстан арзан бағамен жоғары сапалы селен өндіріп, ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықты да қамтамасыз ете алады.
Айта кетері, жоғары сапалы селен шыны өнеркәсібінде шыныны бояу үшін, радиоэлектрондық өнеркәсібінде жартылай өткізгіштер өндіру үшін, күн энергиясында күн батареяларын өндіру үшін қолданылады, сондай-ақ болат өндірісіне де селен қажет.