Зауыттар мен диқандар қанттың қымбаттауына не себеп болғанын айтты – фото

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Қазақстанда қант тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Наурыздың басында Ресей қант экспортына уақытша тыйым салғаннан кейін және Қазақстанда небәрі үш айға жететін қант қоры бар екені туралы ақпарат тараған соң, елімізде бұл өнімнің бағасы күрт шарықтап кетті. Жауапты министрліктер елде қант қоры жеткілікті екенін бірнеше рет ресми түрде мәлімдегенмен, қоғамда қантты жаппай сатып алу тоқтаған жоқ. Ал баға күннен-күнге өсіп жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ішінара модернизациядан өткеннен кейін екі күн бұрын қайта іске қосылған Меркідегі қант зауытының директоры Нұржан Қарғабаев қазіргі таңда шикізат мәселесі шешілгенін және қант өндіру жұмысы ретке келтірілгенін айтты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі қант шығаратын төрт зауыттың негізгі екеуі орналасқан Жамбыл облысында ұйымдастырған баспасөз туры кезінде белгілі болды.
"28 мамырдан бастап қант зауытын қайта іске қостық. Оған дейін екі ай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір Бразилиядан 9 мың тонна қант шикізатын қабылдап алдық. Зауытта 460 адам жұмыс істейді. Жоспар бойынша барлығы 40 мың тонна шикізат қабылдау көзделіп отыр. Сондықтан 2,5-3 айдан соң зауытта қайтадан жөндеу жүргізіп, қант қызылшасын қабылдауға дайындаймыз", - дейді Нұржан Қарғабаев.
Меркідегі қант зауытының директоры Нұржан Қарғабаев
Былтыр "Меркі қанты" 80 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, екі айда 7,5 мың тонна ақ қант дайындап шығарған. Зауыт директоры кәсіпорын қантты қымбаттатпағанын алға тартты.
"Бізде қант қымбаттаған жоқ. Біз сауда желілеріне тапсырамыз. Қымбаттатып отырған солар. Шикізатты Бразилиядан алып отырғандықтан, қанттың өзіндік құны 440 теңге болып отыр. Ал бұған дейін қызылша қантын 290 теңгеден саттық. Жалпы зауыт 1934 жылы құрылған. Бұған дейін бірнеше рет модернизациядан өтті, 2017 жылы да жаңғырту жүргізілді. Чехия, Швеция, Украина, Австрия мен Германиядан бірқатар жаңа техника орнатылды. Нәтижесінде зауыттың өнімділігі тәулігіне 650 тонна қантқа дейін ұлғайтылды", - деді кәсіпорын басшысы.
Ол 2022 жылы қант зауытына кезекті модернизация жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Негізінен қант қабылдау жабдығына, қызылша өніміндегі құм-тасты тазалау аппаратына, сүзгі жүйесіне жаңғырту жүргізіледі. Сонымен қатар құрақ қант сатып алу үшін де инвестция қажет. Осы мақсатта шамамен 10 миллиард теңге көлемінде кредит қажет екені туралы үкіметке, "Атамекен" ҰКП-ға хат жолданған.
"Меркі қанты" зауыты
Қаржаубаев "Меркі қанты" зауыты 300 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, өнім шығаруға қауқарлы екенін атап өтті. Ал елде қант төңірегінде туындаған мәселені ретке келтіру үшін және республикада тапшылық туындамас үшін қант қызылшасы егілетін алқап көлемін арттыру қажет екенін айтты. Ол биыл қант қызылшасының бағасы ұлғайтылғанын, дихандарға қызылшаның әрбір келісі үшін 15 теңгені қант зауыттары төлесе, 15 теңге үкімет тарапынан субсидияланатынын мәлімдеді.
"Меркі қанты" зауытындағы зертхана меңгерушісі Гүлнәр Дәлібаева құрақ қант шикізатынан ешқандай міні жоқ таза ақ қант шығарылып жатқанын айтты.
"2017 жылы соңғы рет қант шикізатын қайта өңдеді. Содан кейін тек қант қызылшасын қайта өңдеумен айналыстық. Енді араға бес жыл салып құрақ қантты өңдеуге қайта кірістік. Ойымыздағыдай ақ қант шығып жатыр", - дейді зертхана меңгерушісі.
Республикадағы қант шығаратын ірі кәсіпорын – "Тараз қант зауыты" ЖШС директоры Александр Шлегель шикізат тұрақты жеткізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Шикізат тұрақты жеткізіліп жатыр және жоспарланған өндіріс көлемін еш қиындықсыз орындай аламыз. Яғни, зауыт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Өндіріс қуатын үдеткенімізбен, айтарлықтай проблема туындап отырған жоқ. Ресеймен шекара жабылғаннан кейін ресейлік порттарды айналып өтіп, Батуми арқылы шикізат жеткізуге тура келді. Не себепті қымбатшылық болып отырғанын түсінбеймін. Бұл бөлшек сауда орындарында болып отырған қымбатшылық деп ойлаймын", - деді Шлегель.
Оның айтуынша, зауыттағы жабдықтың ескі екеніне қарамастан, кәсіпорын мүмкіндігінше қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Наурыздан бастап сұраныс айтарлықтай артуына байланысты өндіріс 100% қуатпен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан зауытта тұралап қалған қант жоқ. Дайын болған ақ қант бірден тиісті бағыттарға жөнелтіліп жатыр.
Меркі ауданының Тұрар Рысқұлов ауылдық округіндегі "Трансфер" шаруа қожалығының иесі Александр Бондаренко қант қызылшасын тапсыру биыл ретке келтірілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қант зауыты мен үкімет тарапынан тиісті қаражат уақытында беріліп отыр.
"Трансфер" шаруа қожалығының иесі Александр Бондаренко егіс алқабын аралап көрді
"Дәл осы аумақта 40 мың гектар қант қызылшасы егілген. Мұнда "КВС Каледония" ұрығы егілді. Оның бағасы айтарлықтай қымбат болғанымен, сапасы таңғалдырады. Мына алқапта дән 3 сәуірде себілген және екі айға жуық уақытта жайқалып тұр. Арасында бірде-бір арамшөп жоқ. Адам күші қолданылмаған. Әдетте арамшөпті жоюға арналған гербицидті бірнеше рет себу қажет болса, бұл ұрық үшін тек бір рет қана қолдандық. Ол осы қант қызылшасы үшін арнайы дайындалған гербицид болып саналады", - дейді шаруа қожалығының иесі.
Ол су тапшылығы диқандардың қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға бірден-бір кедергі болып отырғанын айтты. Егер егістікті суару мәселесі шешілсе, диқандар қант қызылшасын егуге белсене кірісер еді, дейді Бондаренко.
Су тапшылығы диқандардың қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға бірден-бір кедергі болып отыр
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы қант зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету және өнімді өңірлерге жеткізу мәселесі шешімін тауып жатқанын мәлімдеді.
"Жамбыл облысындағы екі зауыт та толыққанды жұмыс істеп тұр деп айтуға негіз бар. Шикізат жеткізу кезінде логистикаға қатысты біршама мәселе туындағаны рас. Әйткенмен, қазіргі уақытта құрақ қантпен толық қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ 350 мың тонна құрақ қантты баж салығынсыз елге алып келуге квота берілген. Тараздағы қант зауыты халық сұранысын қамтамасыз етуді бірінші кезекке қойып отырғанын да атап өту керек", - дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.
Ол Меркідегі қант зауыты құрақ қантты өңдеуден кейін жалпы аумағы 6300 гектарға егілген қант қызылшасынан "ақ алтын" дайындауға кірісетінін атап өтті. Сондай-ақ қант тапшылығына қатысты пікір білдірді.
"Министрлік өкілі ретінде елде қант тапшылығы жоқ деп айта аламын. Бар мәселе логистикаға қатысты болуы мүмкін. Қазіргі таңда азық-түлік корпорациясы арқылы 152 вагон қант Қазақстан қалаларына бағытталып жатыр. Ары кетсе бір аптаның көлемінде қант елдегі барлық қалаға жеткізіледі. Сонымен қатар Жамбыл облысындағы екі зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 116 вагон құрақ қант жолда келе жатыр", - деп түйіндеді Егізбаев.