Қоғам

Мемлекеттік хатшы саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы айтты

Қазір мемлекетттік комиссия жұмысы жалғасып жатыр. Ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырағандар бойынша деректердің цифрлық базасын толықтырады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр — Sputnik. Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесіне тоқталды.
"ҚазАқпаратқа" берген сұхбатында Ерлан Қарин мемлекеттік комиссияның еліміздің барлық өңіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда жұмыс жүргізгенін айтты. Бұл құжаттар классификациясын енгізуге және оларды бірыңғай білім базасына қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, мемлекеттік комиссияның шешімдері саяси қуғын-сүргінмен байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жөніндегі ведомствоаралық жұмысты тиімді үйлестіруге ықпал етті.
"Өткен кезеңде бас прокуратура 2,4 миллионан астам материалды, ҰҚК -бір жарым мыңнан астам мұрағаттық іс пен құжатты, ішкі істер министрлігі - 5,3 мыңнан астам құжатты құпия емес деп таныды. Мемлекеттік комиссияның қызметі аясында прокуратура органдары жаңа деректерді анықтады. Прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталды", – деді мемлекеттік хатшы.
Құпиясыздандырылған материалдарды саралау мақсатында мұрағат материалдарын зерттеу орталығы құрылды. Орталық қызметкерлері ведомстволардан келіп түскен құжаттарды ғылыми өңдеп, реставрациялап цифрлайды. Әрбір ведомстволық мұрағат арнайы кесте бойынша өз материалдарын дайындап, орталыққа тапсырады.
Қазір, Кариннің айтуынша, орталыққа осындай 50 мыңға жуық материал келіп түскен.
"Осылайша, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге қатысты барлық тарихи материалды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрылуда", - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, мемлекеттік комиссия тарихи материалдарға негізделген ғылыми жинақтар шығарады. Репрессияға негіз болған ұйымдастырушылық және әкімшілік құжаттар туралы мәліметтерді қамтитын екі жинақ жарық көрді. Басылымдардың бұл сериясы жыл бойы жалғасады.