НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті әлеуметтік желіде төбелеске қатысты ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Желіде жарияланған видеода ер адам мен мен жас жігіттің төбелесіп жатқаны көрінеді. Кондуктор араша түседі. Артынан жолаушылар да көмекке келген.
Жергілікті пабликтерде тараған мәліметке сәйкес, жас жігіт баласына ұрсып сөйлеген ер адамға ескерту жасаған. Содан жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан.
Полиция желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Төбелестің нақты себебі анықталып жатыр.
"Ол жерде жас жігіттің баланы қорғағаны анықталған жоқ. Біреулер әлеуметтік желіде солай жащып таратып жіберген. Ол ақпарат шындыққа жанаспайды. Жолаушылар арасында жанжал болды. Бірақ куәгерлер төбелестің себебі бала емес екенін айтып отыр", - дейді департамент мамандары.
Қазіргі кезде полиция қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам мен жас жігітті іздестіруге кірісті. Олар Әкімшлік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
Осы әрекет үшін бес айлық есептiк көрсеткiш (15 315 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу не 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған.