НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Әскери қақтығыс ушыға бастағаннан бері Ресейге Донбасс пен Украинадан келген 350 мыңнан астам босқын 10 мың рубль көлемінде бір реттік қаржылық көмек тағайындау бойынша өтініш жолдады.
Төлемнің жалпы сомасы шамамен 2,7 миллиард рубльге жетті, деп хабарлады РИА Новости агенттігіне шұғыл қызмет өкілі.
"Дүйсенбі күні Мәскеу уақыты бойынша сағат 06.00-дегі жағдай бойынша Ресей аумағында 350,54 мың өтініш қабылданды, оның ішінде өткен тәулікте 3,48 мың өтініш жолданған", - деді агенттікке ақпарат ұсынған азамат.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде 264,18 мың босқын жалпы сомасы 2 миллиард 641 миллион 780 мың рубльді құрайтын 10 мың рубль көлеміндегі төлемді алған. Бұл жалпы жолданған өтініштердің 75,4%-ін құрайды.
Ақпанның ортасында жағдайдың шиеленісуіне байланысты Донбастан бейбіт тұрғындарды жаппай эвакуациялау басталды. Кейіннен Ресей Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасының тәуелсіздігін мойындап, 24 ақпанда Украинада демилитаризациялау және денацификациялау бойынша арнайы әскери операция бастады.