НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстан аумағының басым бөлігіне антициклон әсер етеді, осыған байланысты елдің батысы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлады Қазгидромет.
Республиканың солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында және орталығында фронталды бөліктердің өтуі құбылмалы ауа райына алып келеді. Сондықтан жаңбыр жауып, найзағай күтіледі, жел күшейеді. Ал солтүстік пен оңтүстік-шығыс аймақтарда бұршақ жаууы ықтимал.
"Жамбыл облысының оңтүстігінде, шығысында, солтүстігінде, таулы аудандарында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі, күндіз оңтүстік-батыста, солтүстік-шығыста, таулы аудандарында жел 15-20 м/с екпінімен күшейеді", - деп жазылған хабарламада.
Алматы облысының Жалаңашкөл аудандарында желдің күші 17-22 м/с, екпіні 24-29 м/с шамасында сақталады. Таңертең және күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай ойнайды, тау асуларында 15-25 м/с жел соғады.
Күндіз Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында найзағай соғып, бұршақ жаууы мүмкін. Облыстың солтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді.
Қостанай облысында таңертең және күндіз солтүстік-батысында, солтүстігінде найзағай, бұршақ, дауыл тұрып, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде желдің 15-20 м/с, екпіні 23 м/с күшеюі ықтималдылығы жоғары.
Қазгидромет хабарлағандай, күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында найзағай, бұршақ, түнде және таңертең облыстың батысында тұман күтіледі, батысында, солтүстік-шығысында жел 15-20, екпіні 23 м/с күшейеді.
Павлодар облысының солтүстігінде күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында найзағай соғып, 15-20 м/с екпінмен жел тұруы мүмкін.
"Шығыс Қазақстанның облысының Жарма ауданында, Қызылорда, Павлодар облыстарының орталығында, Павлодар облысының, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының орталығында төтенше өрт қаупі сақталады", - деген ақпарат таратты Қазгидромет.