Жамбыл облысында түлектер мінген кортеж жүргізушілеріне айыппұл салынды

Жүргізушілер жолдың қарсы бетіне шығып, мектеп бітіру құрметіне орай естелік видео түсіру үшін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Желіде кортежге мініп, жол қозғалысы ережесін бірнеше рет өрескел бұзған мектеп түлектерінің видеосы пайда болды.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода жүргізушілер жолдың қарсы бетіне шығып, жол қозғалысына қатысушыларға үлкен қауіп төндіргені түсірілген.
Видеоны әлеуметтік желіге жариялаған түлектер мұның полиция қызметкерлерінің назарына ілігетінінен күмәнданбаса керек. Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзғандарды жедел іздестіруге кірісті.
"Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер Тұрар Рысқұлов ауданындағы мектеп түлектері мінген кортеж жол қозғалысы ережесін бұзған видеоны анықтады", - деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Нәтижесінде, патрульдік полиция Toyota Land Cruiser Prado, Audi 80, BMW 735, VAZ 210540 және екі Toyota Camrу көліктерінің жүргізушілерін жауапкершілікке тартты.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 593-бабы "Жолаушылар мен жүк тасымалдау бойынша талаптарды бұзу" бойынша оларға 5-10 АЕК (15-30 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.