НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Семейде полицейлер суға батып бара жатқан ер адамды құтқарды.
28 мамыр күні кешке полиция қызметкерлері – полиция аға лейтенанты Мусинов пен полиция лейтенанты Серікқанов Ертіс өзенінің бойында бөрене үстінде жүзіп бара жатқан ер адамды көріп қалған.
Ескі көпір аумағында кезекті барлау жүргізу кезінде олар жаңа аспалы көпірге қарай қатты ағыспен жүзіп келе жатқан адамды байқаған. Патруль қызметкерлері ақпаратты радиостанция арқылы эфирге жолдаған, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Осы хабарламаны естіген "Барыс-34" экипажының құрамындағы полиция лейтенанты Иданов пен полиция лейтенанты Алтынқан дереу жаңа жағалауға қарай бет алған", - деді полицияда.
Лейтенант Иданов тапаншасы бар белбеуін шешіп, суға кірген. Осы уақытта оның серігі құтқару жабдығымен жағалауға дер кезінде жетті.
Полиция экипажының үйлесімді әрекетінің арқасында суға батып бара жатқан ер адам жағаға шығарылды. Сол жерде оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерге табыстады.