Бір жарым мыңға жуық десантшы ант берді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде осы жылдың көктемінде шақырылған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері жалғасып жатыр.
Салтанатты рәсімдер әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдерінде, десанттық-шабуылдау әскерлерінде, "Астана" өңірлік қолбасшылығында өтті. Осындай шаралар барысында бір жарым мыңға жуық сарбаз Отан алдындағы абыройлы борышын адал болуға ант берді.
Бір ай ішінде әскерге шақырылушылар "жас жауынгер курсынан" өтті. Бөлімшелердің тарихымен және дәстүрлерімен танысты, жарғыларды, техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, саптық және атыс даярлығының негіздерін зерделеп, өздерінің алғашқы атыстарын орындады.
Биылғы жылы ант қабылдау рәсімдері еліміздің әр өңірінен әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындарының қатысуымен өткізіледі.
Жас жауынгерлерге арналған бұл шарада әскерге шақырылушылардың ата-аналарына әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен танысуға, олардың балалары қандай жағдайда қызмет өткеретінін өз көздерімен көруге мүмкіндік берілді. Командирлермен кездесулер өткізіліп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Салтанатты іс-шаралар Қарулы күштер әскери қызметшілерінің қару-жарағын, әскери техникасын, жабдықтарын көрсетумен және жас сарбаздардың көрсетілімдерімен аяқталды.
Жас сарбаздар енді жауынгерлік іс-қимылды қарқынды оқып, әскери-есептік мамандықтарды игеріп, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы үйренеді.