НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған концерттегі оқиғаға қатысты пікір білдірді.
25 мамырда "Ирина Кайратовна" мен Shiza атымен танымал Асхат Долшиевтің концерті кезінде мемлекеттік туды қорлау әрекеті орын алған. Әншілердің әрекетіне желі қолданушылары осындай баға берді. Қазақстандықтар видеоның астына "Туымызды қор қылды", "мәдениетсіздер", "мақтаған сайын есіріп барады" деген сынды пікірлер қалдырып жатты.
"Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевт сахнада бейәдеп сөздер айтқан. Әнші Асхат Жолшиев қолына орап алған Қазақстанның туын адамдарға қарай лақтырған.
Ерлан Қариннің айтуынша, концертті "NS group" ЖШС ұйымдастырған.
"Shiza лақап атын иеленген азаматтың мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керектігін атап өтті.
"Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын", - деді Қарин.