НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр — Sputnik. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетов маймыл шешегі ауруы Қазақстанға енуі мүмкін екенін растады.
Бұл ретте ол қазақстандық мамандар инфекцияға қарсы вакцина әзірлеуге қауқарлы екенін атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтеріне сәйкес, бүгінге дейін 14 елде маймыл шешегін жұқтырудың екі жүзден астам фактісі тіркелген, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Әзірше жаңа пандемия туралы айтылмағанымен, әлемде бұл аурудың таралу қарқыны үрейлендіреді.
"Бұл инфекцияның Қазақстанға келу ықтималдығы өте жоғары. Өйткені қазақстандық туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка елдеріне барады. Сондықтан инфекция елімізге ертең-ақ немесе сәл кейінірек келуі мүмкін. Инфекцияның елге кірмеуі үшін белгілі бір арнайы шаралар қабылдап, жағдайды тұрақты бақылау қажет", - дейді аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, маймыл шешегінің вирусы мутацияға ұшырап, адамнан адамға жұғу қабілетіне ие болған. Сондықтан бұғған дейін жақсы зерттелген инфекция Африка құрлығының аумағынан тыс таралып жатыр.
Клиникалық сипаты бойынша маймыл шешегі ерекше қауіпті табиғи шешекке өте ұқсас. Инфекцияның ағзаға енуі үшін науқас адаммен кем дегенде төрт сағат байланыста болу керек. Бірақ мамандар бұл ауруға бей-жай қарауға болады дегенді білдірмейтінін айтты. Өйткені ол халыққа ауыр зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан қазір маймыл шешегіне қарсы отандық вакцина дайындау мәселесі көтеріліп жатыр.
"Біздің институт бұл шешек вирустарымен көп жылдар бойы айналысып келеді. Сондықтан тәжірибе мол. Өйткені, сиыр шешегі және табиғи шешек, маймыл шешегі бір топқа жатады. Сондықтан олардың арасында иммундық антигендік байланыс өте жақсы. Осы себепті бір вирус екінші вирусқа қарсы оңай иммунитет түзе алады. Мысалы, сиыр вирусы табиғи шешекке қарсы өте төзімді иммунитет құра алады", - деп атап өтті Леспек Құтымбетов.
Бұл дженерик-вакцинаға қатысты болып отыр. Мұндай иммундық препараттар бұған дейін де әзірленген және олар өз тиімділігін көрсетті.
"Егер сиыр вирусы негізінде жеделдетілген түрде COVID-19 кезіндегідей жұмыс жасасақ, жарты жыл ішінде вакцина дайындауға болады. Содан кейін клиникаға дейінгі сынақтар, клиникалық сынақтар жүргізіледі. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі қаншалықты қолдайтынына, процесс қаншалықты жедел жүргізілетініне байланысты болады", - дейді Құтымбетов.
Бұл ретте Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институтының бас ғылыми қызметкері жағдайды дүрбелеңге айналдырмауға қатаң түрде кеңес берді. Оның пікірінше, соңғы пандемиядан кейін қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай нығайып, эпидемиологтар мен дәрігерлер ерекше қауіпті инфекцияларға тиімді қарсы тұрудың жолдарын үйренді.