НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Риддер қаласында орман өртіне қатысты іс қаралды. Кәуап жасаған ер адамның кесірінен тұрғын үйлер өртеніп, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Астана" арнасына сілтем жасап.
Төтенше жағдай биыл 10 мамырда болған. Орман өрті 300 гектарға тарап кетті. Тұтас бір шағын ауданның тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Өрт сөндірушілер екі күн бойы тілсіз жаумен арпалысты. Авиацияны көмекке шақыруға тура келді. Ондаған үй жанып кетті, екі адам қаза тапты.
Ал полицейлер кінәлі адамды тапты. 36 жастағы ер адам отбасымен бірге табиғатқа шығып, кәуап пісірген. Шоқ жерге түсіп, өрт шыққан. Ер адам оны өзі сөндіріп көрген. Бірақ күші жетпейтінін түсінгеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Адамдар оның келіп-кеткенін көрген. Ер адамды ұстау кезінде мангал заттай айғақ ретінде тәркіленді.
Сот шешімімен ол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Судья асырауында кішкентай баласы бар екенін де ескерді. Оған қоса, зардап шеккен адамдарға 125 миллион теңгені бөліп төлеуге міндеттелді. Құқық қорғаушылар айыппұлды "ойға қонымсыз" шара деп отыр.
"125 миллион теңгені зардап шеккендерге беру керек екен, мүмкін емес қой. Себебі адам бас бостандығынан айыру мекемесінде отырғанда көп жағдайда жұмыссыз болады. Ал одан шыққаннан кейін табысының жартысын беріп отырған күннің өзінде өмір бойы айыппұл төлеп өтеді. Оны толығымен төлеп үлгермеуі де мүмкін", - дейді заңгер Алексей Божко.
Сотталушы аппеляцияға шағым түсіре алады. Ал өрт салдарынан зардап шеккендерге жаңа баспана берілді.