Қоғам

Министр Дүйсенова зейнетақыны қайта қарау туралы айтты

Министрдің айтуынша, бүгінде ең төменгі, орташа және жоғары зейнетақы арасында үлкен айырмашылық пайда болды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ең төменгі, орташа және жоғары зейнетақы арасындағы айырмашылық азайтылатынын мәлімдеді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың бүгінгі отырысында депутат Рысқали Әбдікеров зейнетақы мәселесін көтерді. Атап айтқанда, соңғы индексациядан кейін біреудің зейнетақысы екі-ақ мыңға көтерілсе, енді біреулер одан әлдеқайда көп ала бастады. Осыған байланысты сенатор ең төменгі әлеуметтік стандарттар әдіснамасын қайта қарау қажеттігін жеткізді.
"Биыл сәуір айынан бастап әлеуметтік сала шығыстары қосымша 4 процентке индекстелді. 40-50 теңге көлеміндегі зейнетақы 2 мың теңгеге ғана өссе, 300-400 мың теңге көлеміндегі зейнетақы 16 мың теңгеге дейін өскен. Ал бұл өз кезегінде теңсіздікті қалай азайтпақ? Сонымен қатар ең төменгі зейнетақы мен бір миллионға жуық адамның табысының ең төменгі күнкөріс деңгейін қаншалықты көтеруге мүмкіндік береді? Жалпы, индекстеуден кейін азаматтар төлемдердің өсуін сезінуі үшін ең төменгі әлеуметтік стандарттар әдіснамасын қайта қарау министрліктің жоспарында бар ма?", - деді Әбдікеров.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, зейнетақы және басқа әлеуметтік төлемдер индексациялау инфляцияға қарай бюджеттік тәртіп бойынша жасалады.
"Ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жәрдемақы жөніндегі сіздің пікіріңізмен толық келісемін. Сондықтан үкіметтің қазіргі жоспарының ішінде біздің де он шақты жоспарымыз тұр. Ең төменгі зейнетақы ең төменгі жәрдемақыға дейінгі стандарттарды қайта қараймыз. Қазір ұлттық және халықаралық сарапшыларды шақырып, жұмысты бастадық. Ұсыныстарымызды даярлап жатырмыз. Соның нәтижесінде жұмыс тобы құрылады деп отырмыз. Проблема бар", - деп атап көрсетті Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, бүгінде ең төменгі, орташа және жоғары зейнетақы арасында үлкен айырмашылық пайда болды. Ал ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қараудың нәтижесінде ол айырмашылықты барынша азайтуға болады.