Денсаулық

Отандық ғалым әзірлеген бірегей гидрогель көмегімен 15 ота жасалды

Операция 15 минуттан 25 минутқа дейін созылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Қазақстандық ғалымдар әзірлеген бірегей фибринді гидрогель көмегімен 15 қазақстандыққа тізе буынының шеміршегін қалпына келтіру операциясы жасалды, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігі.
Ота жасалғандардың көбі буын ауруларымен ауыратын 50 жастан асқан адамдар. Ал алғашқы науқас оң жақ тізе буынының артрозы бар 28 жастағы тұрғын болған.
Ғалымдардың айтуынша, ұқсас диагноздармен емдеудің бірнеше әдісі бар, бірақ гидрогельді қолдану - зақымдалған буындар мен шеміршекті толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жалғыз әдіс.
Сынықтар мен зақымдалған тізе буындарының жазылуын тездететін жаңа техниканың негізгі әзірлеушісі қазақстандық ғалым, Ұлттық биотехнологиялық орталықтың дің жасушалары зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огай. Ғылыми жобаға Ұлыбритания елшілігі қызығушылық танытып отыр. Гидрогель Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жасалған.
"Үш ай ішінде фибринді гидрогельдің клиникалық сынақтарында 15 еріктіге ота жасадық. Пациенттердің көпшілігі - жасына байланысты буын өзгерістері бар адамдар. Операция 15 минуттан 25 минутқа дейін созылады. Сондай-ақ барлық операция штаттық режимде жасалды. Науқастардың сауығу кезеңі алты айға созылады, бірақ егде жастағы науқастар үшін қалыпқа келу уақыты ұзағырақ болуы мүмкін. Осы кезең өткеннен кейін алғашқы нәтижелерді жариялай аламыз", - деді Вячеслав Огай.
Клиникалық сынақтар академик Н.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығында наурыз айында басталған. Зерттеудің алғашқы екі кезеңі осы жылдың соңына дейін жалғасады. Кейін бірнеше орталықта клиникалық сынақтар өткізіледі.
Процедура ақылы да, квота бойынша тегін де жасалады.
Қоғам
Қазақстандық ғалым қант диабетін емдейтін жасуша ойлап тапты